ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына арналған «Қазақтың Қадыры» атты облыстық жыр мүшәйрасы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған жастардың өлең бәйгесіне барлығы 36 үміткер қатысып, бақ сынады.
Қазылар алқасының шешімімен оралдық Айбол Исламғали бас жүлдені (100 мың теңге) жеңіп алды.
Жеңімпазға жүлдені ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет тапсырды.
Сондай-ақ тағы бір жас талант, жаңақалалық Мәрлен Ғилымхан бірінші орынға көтерілді.
Бөрлілік Мейрамбек Сыдық екінші, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің І курс студенті Әділ Ахметов пен сырымдық Бауыржан Ширмединұлы үшінші орынға ие болды.
Арнайы екі сыйлық жаңақалалық Ернар Жақсыбаев пен ақжайықтық Абылайхан Мақсұтовқа бұйырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).