ОРАЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - 8 желтоқсан күні Оралдағы Чапаев затоны көшесінде «Воронеж» кемесі өртеніп, соның салдарынан жұмысшы қаза тапты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өрт сөндірушілер жеткен кезде кеме жөндеу зауыты аумағында тұрған аталмыш кеменің каютасы, капитан тұратын орын, асүй, дәліздері, жоғары палубасы отқа оранып жатқан. Кемеде адамдар қалғанын білгеннен кейін бірінші кезекте соларды құтқару, сондай-ақ өртті сөндіру амалдары жасалған. Соның нәтижесінде өрт құрсауында қалған бір ер адамның тұрған орны анықталып, қысқа мерзім ішінде ол құтқарылған. Өкінішке қарай, өрт сөндіру кезінде тағы бір ер адамның мүрдесі табылды.
Кеменің іші тар болғандықтан әрі қатты түтіндеп, от лаулап жанғандықтан, өрт сөндіру оңай болған жоқ. Оған 7 техника, 30 адамы бар 4 өрт сөндіру бөлімшесі тартылды.
Қазіргі таңда өрттің себеп-салдары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).