ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кеш өткізіп, көңіл көтерген блогер Айдын Түсіпов 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, карантинге қарамастан, төтенше жағдай талабын бұзған алматылық блогер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы 6-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды.
Сонымен қатар оның екі досы мен мейрамхана иесіне де осындай шара қолданылды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметі нақтылағанындай, блогер мен оның достары Ресейден Қазақстан аумағына 31 наурыз күні Тасқала ауданы арқылы өткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық блогердің Оралда карантинге қарамастан, кеш өткізгенін, блокпостты айналып, қашқан жүргізушінің ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).