Оралда кейбір жол компаниялары жұмыс кестесінен кешігіп отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жол салып жатқан кейбір компаниялар жұмыс кестесінен кешігіп отыр.

Бұл туралы БҚО әкімі Алтай Көлгінов қала күні қарсаңында шаһар басшысы және оның орынбасарларымен өткізген жиында мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осыған байланысты өңір басшысы қала әкімі Мұрат Мұқаевқа ескерту жасап, әсіресе, білім беру нысандары маңындағы құрылыстарды 1 қыркүйекке дейін реттеуді тапсырды. Мұндай кешеуілдеудің алдымен дұрыс жоспарламаудан туындайтыны белгілі. Сондықтан облыс әкімі келесі жылдың құрылыстарын жоспарлауды қазірден бастау керектігін атап өтті.

Айта кетейік, биыл облыс орталығында жалпы ұзындығы 72 шақырым болатын 67 көшеге асфальт төселуде. Жол құрылысына 8,1 млрд. теңге қаралған болатын.

Облыс әкімі жолаушылар тасымалына жауапты кәсіпорындардың жұмысын қадағалау керектігін де ескертті. «Автобустарды жаңартудан бастап кондуктор мен жүргізушінің арнайы киім киюі, жолаушылармен қарым-қатынасына дейін  бәрі ретке келтірілуі тиіс», деді Алтай Көлгінов.

Осы айтылғандардан нәтиже шығаруға уәде берген қала әкімі Мұрат Мұқаев облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді. Мысалы, қаланың көркін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында биыл қырықтан астам нысан жөнделіп, салынуда. 20 аула аумағы абаттандырылып, 17 спорт алаңы бой көтеруде. Сонымен қатар бірнеше тынымбақ қалпына келтірілуде.

Облыс әкімі қала басшылығына шаһардағы құрылыс, абаттандырудан бөлек заманауи жобаларды да одан әрі дамытуды тапсырды. ««Смарт сити» аясындағы «2GIS», «Қауіпсіз қала», бейнекамералармен жабдықтау мәселелері назардан тыс қалмауы керек», - деді А. Көлгінов.