ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы аумағында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан күдіктілер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың тұрған жерін анықтау және ұстау мақсатында «Іздестіру» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 2025 жылы наурыз айында Орал қаласында жасалған пәтер ұрлығы бойынша Армения Республикасының екі азаматы іздеуде болған.
Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында аталған екі күдікті Ереван қаласында анықталып, ұсталды.
- Жалпы, екі күн ішінде жүргізілген іс-шара нәтижесінде 17 күдікті қолға түсті. Оның ішінде төртеуі Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті тарапынан ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздестірілсе, 11-і Ресей Федерациясының, сондай-ақ бір-бірден Өзбекстан мен Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарымен іздеуде болған. Сонымен қатар Орал қаласы аумағында бұрын хабар-ошарсыз кеткен деп танылған 3 азаматтың тұрған жері анықталды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 180-нен астам заңсыз қоқыс орны анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).