Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, 2016 жылы 13 қараша күні «Кактус» диско-барының қасында Б.Байболов, А.Жәкиев, Н.Рысқалиев мас күйінде Н.Козоногин, А.Колесников, С.Бочаровқа себепсіз байланып, балағаттаған. Сосын үшеуіне соққы жасай бастаған. Осы кезде Б.Байболов С.Бочаровтың басынан аяғымен тепкен, содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Алған дене жарақаты салдарынан С.Бочаров сол жерде көз жұмса, Н.Козоногин мен А.Колесников облыстық аурухананың жарақат бөліміне жеткізілген.
Сот үкімімен Б.Байболов ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлімі 1-тармағы, 106-бабы 3-бөліміне сәйкес айыпты деп танылып, ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлімі қолданыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды.
Н.Рысқалиев пен А.Жәкиев ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлімі 1-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, олардың 2 жыл мерзімге бас бостандықтары шектелді. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңы 2-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына сәйкес екеуі де жазадан босатылып, қамауда ұстау бұлтартпау шарасының күші жойылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.