ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен полиция қызметкері қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған азамат ҚР Қылмыстық істер жүргізу кодексі 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау изоляторына жатқызылды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Оралда түнгі клубта ауыр жарақат алған 27 жастағы жігіттің ауруханаға түсіп, бұл оқиғаға полиция қызметкерінің қатысы бар-жоғы тексерілген болатын.
Алдымен бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 107-бабы 1-бөлігіне сәйкес (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) қылмыстық іс қозғалған еді.
Қазіргі кезде бұл іс ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (адам өлтіруге оқталу) қайта дәрежеленді. Осыған орай тергеу амалдары жүргізіліп, істің мән-жайы анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).