ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 21 жастағы қыздың көпірден секіріп кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға 25 қараша күні шамамен сағат 14.20-да болды.
«Шаған өзеніндегі көпір маңынан өтіп бара жатып, полиция қызметкерлері, полиция подполковнигі Ернұр Берікқалиев пен полиция майоры Арсен Самиев қыздың секіргенін байқаған. Көмекке асыққан полицейлер судағы қызға құтқару шеңберін лақтырып, соның арқасында ол қауіпсіз жерге шыққан. Содан кейін оқиға орнына құтқарушылар, жедел жәрдем бригадасы жеткен. Қазіргі таңда қыздың жағдайы жақсы. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігіне (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 21 жастағы қыздың көпірден секіріп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).