ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда көлік басқару құқығынан айырылған жүргізушінің автобус руліне отырғаны анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Автобус» жедел алдын алу шарасы барысында жүргізушінің куәлігі жоқ болса да, оған автопарктегі лауазымды қызметкерлердің автобус айдауға рұқсат бергені белгілі болды. Аталған дерек бойынша жүргізуші мен лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
«Автобус» шарасы 22 қаңтар күні басталған болатын. Сол алғашқы күннің өзінде 111 жүргізушінің жол ережесін бұзғандығы мәлім болды.
«Автобус» шарасы 18 ақпанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, жыл басынан бері автобустың қатысуымен облыс көлемінде жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Ал өткен жылы Орал қаласында қоғамдық көліктің қатысуымен 16 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 1 адам қаза тауып, 86-сы түрлі жарақат алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).