Оралда көлік электр бағанына соғылып, аударылып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда автокөлік электр бағанын соғып құлатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 23 шілде күні түс мезгілінде Д.Карбышев көшесі бойында орын алды.

«Лада Калина» автокөлігі темірбетон бағанына соғылып, өзі аударылып қалған. Оқиға салдарынан тағы екі электр бағаны жол бойына құлаған.

Осы маңда тұратын тұрғындардың сөзіне қарағанда, бетон бағандар сапасыз, оның ішінде темір арматуралар болмаған, оның орнына сымдар шығып тұрған.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен бір адам жарақат пунктіне жеткізілді.

Қазіргі таңда жүргізуші мен жолаушының кім екендігі анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Армениядан әкелінген 300-ден астам көлік иелері сары нөмір алғанын жазған болатынбыз.