Оралда көлікті айдап кеткен 19 жастағы күдікті бейнекамера көмегімен ұсталды

Оралда автокөлікті айдап кеткен 19 жастағы күдікті бейнекамера көмегімен ұсталды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Видеодан кадр

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 қараша күні Зачаган кентінде болды.

Сағат 10.30-да Шаған полиция бөліміне 1980 жылғы тұрғын хабарласып, Жәңгір хан көшесіндегі тұрғын үйдің ауласына қойылған «ВАЗ-2112» автокөлігін белгісіз біреудің айдап кеткенін жеткізген.

«Ақпарат келіп түскен бойда «Тосқауыл» жоспары жарияланды. Орал қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығындағы камералардың көмегімен автокөліктің қозғалу бағыты анықталды. Көп ұзамай-ақ автокөлік қала аумағында табылып, иесіне қайтарылды. Қолға түскен 19 жастағы күдіктіге қатысты ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігіне (автокөлікті айдап кету) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.

Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері облыс орталығында бейнебақылау камераларының көмегімен барлығы 137 қылмыс ашылса, соның жетеуі – ұрлық, 20-сы – тонау, 17-сі – автокөлікті жымқыру, 20-сы – бұзақылық, 73-і – өзге қылмыстар.