ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы колледждердің бірінде оқитын екі студент шекісіп қалды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жанжалға қатысушылар анықталды. Бір-біріне пышақ жұмсаған олардың бірі 17 жаста, екіншісі 18-ге толған.
- Қазіргі кезде ҚР ҚК 107-бабына (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Екі студент те ауруханада емделіп жатыр. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға кеше кешкісін Абай даңғылы бойындағы колледж жатақханасы аумағында болған.
Күні бүгін оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткі саудасымен айналысқан екі студент қыздың ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).