ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда коллектор жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше орын алды.
Деркөл ауылындағы №19А кәріз сорғы стансасында диаметрі 800 мм кәріз коллекторы жарылған. Соның салдарынан қаланың солтүстік-шығыс, ішінара орталық бөлігі және Зачаган кенті сусыз қалды.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын «Батыс су арнасы» ЖШС 70 адам, 39 техниканың күшімен жүргізуде.
Кәріз сорғы стансасындағы апатты жою жұмыстары тәулік бойы атқарылуда. Қаланың ескі және орталық бөлігіне, Зачаган кентіне су берілді.
«Қазіргі кезде қаланың солтүстік-шығыс бөлігі сусыз қалып отыр. Осы аудандағы 15 учаскедегі әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға таңертең су тасымалдау ұйымдастырылатын болады», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Орал қаласы әкімдігінен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).