Оралда композитор Темірәлі Бақтыгереевті еске алу кеші өтті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереевті (1950-2014) еске алуға арналған «Барып қайт, балам, ауылға» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қазталов ауданы қазіргі Қайыңды ауылында дүниеге келген Темірәлі Бақтыгереев 1967 жылы орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алатауға бет алып, П.Чайковский атындағы Алматы музыка училищесін, 1993 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін сырттай бітірген. Саратов қаласындағы Л.Собинов атындағы консерваторияда білім алған ол 1970 жылы баяншы ретінде Орта Азия әскери ән-би ансамблін құруға қатысқан.

Композитордың «Барып қайт, балам, ауылға» (өлеңін жазған Айсұлу Қадырбаева), «Ғашықтар сенімі» (Жеңіс Қашқынов), «Сағыныш» (Фариза Оңғарсынова) сынды әндері елге кеңінен танылды. Үш жүзден астам ән жазған композитор 2004 жылы жол апатынан кейін мүгедек болып, төсекке таңылды. Тірісінде адамдар тарапынан да қысастық көрді. 1990 жылы Композиторлар одағына алынса да, кейін «музыкалық білімі жоқ» деген сылтаумен шығарып тастайды. Мүгедек болған соң да елеусіз қалды. Дегенмен 2013 жылы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова сынды жанашыр адамдардың ұйымдастырып, қолдауымен Алматыда үлкен шығармашылық кеші өтіп, композиторға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. Бір жылдан кейін Темірәлі Бақтыгереев бақилық болғанымен, соңында халқымен бірге жасайтын туындылары қалды.

Оралда өткен кеште батысқазақстандық әншілер Сағадат Рахметжанов, Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Дархан Құлбабаев, Айбар Қайырханов, Айдана Әжіғалиева және басқа өнерпаздармен қатар Алматыдан арнайы келген Мейрамгүл Орашева, Саят Медеуов, Сұлушаш Нұрмағамбетова және Нұрлан Өнербаев композитор туындыларын орындап, көпшілік қошеметіне бөленді.

«Өткен ғасырдың сексенінші жылдары қазақ өнерінің қара шаңырағы - Мұхтар Әуезов атындағы театрда актер болып жүрдім. Сол кезде Темірәлі Бақтыгереев дыбыс операторы болып қызметке тұрды. Менің спектакльдерде ән салып, гитараны қолға ұстап, үйреніп жүргенімді байқаған ол: «Нұрлан, гитарамен ән салғың келе ме, менде жақсы ән бар», деді. Сосын екеуміз студияда отырып, осы «Сағыныш» әнін орындадым. Сөйтіп менің гитарамен алғаш айтқан әнім «Сағыныш», бірінші композиторым Темірәлі Бақтыгереев еді. Ол менің содан кейінгі айтатын әндерімнің жанрын айқындап берді. Яғни қандай әнге бейім екенім осы «Сағыныштан» белгілі болды. Темірәлінің досына, өнерге деген адалдығы, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі бүгінде сағынышқа айналды. Оның шығармашылық кештері Алматыда болды. Алайда композитор туған жерімде, өз өлкемде ән кешімді өткізсем деп аузынан тастамай, айтып отыратын.  Бүгін сол арманын біз орындап отырмыз», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев.

Кешке қатысушыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов құттықтап, композитордың зайыбы Жәмилаға, «Барып қайт, балам, ауылға» өлеңінің авторы, ақын Айсұлу Қадырбаева, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетоваға құрмет көрсетті.