ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда жас жігіт тоғызыншы қабаттан құлап кетіп, көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға бүгін, шамамен сағат 20.00-де Д.Қонаев шағынауданындағы 56-үйде болды.
29 жастағы жігіт кондиционер қондыру кезінде 9-қабаттан құлап кетіп, оқиға орнында қаза тапты.
Жедел тергеу тобы оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 20.03-те шақырылып, бригада екі минуттан кейін жетті.
Жас жігіт жедел жәрдем келгенше жан тапсырды. Ол кондиционер қондыратын жалдамалы жұмысшы болған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 2 автокөлік соқтығып, екі адамның жарақат алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).