ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» бұдан бұрын хабарлағанындай, 14 мамыр күні кешкісін Оралға қарасты Зачаган кентіндегі №6 емхана маңында №7 бағытпен жүретін «ПАЗ» жолаушылар автобусы мен «Мерседес» автокөлігі соқтығысқан болатын.
БҚО ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің бүгін толықтырғанындай, жүргізуші үйінде қалған да, автобус рулінде кондуктор болған. Ол ішінде жолаушылары жоқ автобусты автотұраққа қоямын деп бара жатып, қарсы бетке шығып кетіп, «Мерседеспен» соқтығысуға жол берген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Мерседестегі» жүргізушімен қоса төрт адам және кондуктор жеңіл жарақат алған. Олар кейін үйлеріне жіберілген. 28 жасар кондуктордың жүргізуші куәлігі жоқ әрі жеңіл дәрежеде мас күйінде болған. Сондай-ақ ол сол автобустың иесі көрінеді.
«Қазіргі кезде материалдар жинақталу үстінде, іс сотқа берілетін болады. Кондуктор әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Автобус рулін көлік жүргізушілік құқығы жоқ адамға берген жүргізуші мәселесін де сот шешеді», деді М.Ғабдуллин.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).