ОРАЛ. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Тамыздың 28-інде Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ҚР Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір жұртшылығы қатысқан салтанатта сөз сөйлеген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бүгінде қол жеткізген табыстарымыздың қайнар көзі Конституция екенін, елімізде нарықтық экономиканың дамуы, қоғамдық-саяси жүйенің демократияландырылуы, азаматтар еркіндігі осы Ата заңнан бастау алатынын атап көрсетті. Ендігі мақсат -қазақ жерін мекен еткен көп ұлтты халықтың ауызбірлігін бұзбай, мемлекеттің әлеуетін арттырып, алдыңғы қатарлы елу елдің сапына қосылу. Бұл абыройлы іске Батыс Қазақстан облысы да өз үлесін қосатын болады.
Жиналысқа қатысқандар облыс өнерпаздары қойған мерекелік концертті тамашалады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).