Оралда қонжық қайдан жүр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйдің балконында жүрген қонжықтың қайдан келгені анықталды. Бұл жайында ҚР АШМ Орман шаруашылық және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының ақпаратына сәйкес, 9 мамыр күні шамамен сағат 21-39-да «102» пультіне куәгерлер хабарласып, Назарбаев даңғылы бойындағы 196 үйдің 2 қабатындағы балконда қонжық жүргенін айтқан. Аталған мекен жайға келген полиция қызметкері ақпараттың растығына көз жеткізген. Мән-жайды анықтау барысында Ақтау қаласының тұрғыны азамат М.Таласбаев қонжықтың барлық құжаттарын көрсеткен», - деп жазды ол.

Оның атап өтуінше, сұрау салу барысында азамат М.Таласбаев циркке ұсыну мақсатында қоңыр қонжықты өсіру үшін 8 мамыр күні Ресейдің Уфа қаласынан сатып алғанын айтқан. Оралға келгеннен қонжықты жерсіндіру үшін сол қалада қонуға шешім қабылдаған.

«Осыдан кейін Назарбаев даңғылы 196 үйден уақытша пәтер жалдап, өзіне және қонжыққа тамақ алу үшін сыртқа шығып кеткен. Пәтерде қалған қонжық балконға шығып кетіп, адамдарды үрейлендірген. Қылмыстық және әкімшілік бұзушылықтың орын алмағандығын ескеріп, материал процессуалды шешім қабылдаусыз қалдырылды», - деді Сәкен Ділдахмет.

Бұған дейін Оралда көп қабатты үйдің балконында жүрген қонжық жұртты таңдандырғанын жазған едік.