ОРАЛ. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 11-інде Оралдағы «Жастар» мәдениет сарайында «Көп балалы ана - ұлт байлығы» атты кездесу кеші болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Нығметов шараның мақсаты көп балалы отбасылардың рөлін көтеру, ардақты аналарға лайықты құрмет көрсету екенін атап өтті. Қала күні қарсаңында көп балалы аналардың арасында өткен байқаудың қорытындысы шығарылып, түрлі аталым бойынша озық шыққандар марапатталды. Мәселен, белгілі балет бишісі Нұрлан Әбуғалиевтің анасы Ақдина, шаңырағында сегіз ұлттың өкілін тәрбиелеп отырған Ғалия Досқалиева, он екі баланың әрқайсысынан немере-шөбере сүйген Бақыт Сүгірәлиева, балаларының жоғары білім алуына жағдай жасаған Зиба Шоңыраева, ең жас көп балалы ана Әлия Әбиева, өнерлі ұрпақ өсірген Гүлшат Мықтыбаевалар марапатталды.
Қалада 500 көп балалы ана болса, 190-ы «Батыр ана» екен. Алдағы уақытта мұндай шара жалғасын таппақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).