Оралда көпбалалы әйелді қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының қаулысымен Самат Наурызов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, мемлекеттік айыптаушы С.Наурызов бостандықта жүріп, тергеу барысына ықпал етуі мүмкін деп тапты. Прокуратураның бұл ұсынысын сот қолдады.

Еске сала кетейік, 22 шілде күні сағат 15.00-дер шамасында бұрын ішкі істер органында қызмет атқарған С.Наурызов Зачаган кентіндегі Қамбар батыр көшесі бойында «Альбина» мейрамханасының қасында жол жанында тұрған 42 жастағы Айгүл Сүлейменова мен оның бауырына салған қызы Сандуғашты Hyundai Tucson автокөлігімен қағып кеткен болатын. Соның салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмса, ауыр жарақат алған 1995 жылғы Сандуғаш ауруханаға жеткізілген еді. Айгүлдің соңында бес баласы (бауырына басқан қызынан басқа төрт ұлы) жетім қалды.

Шынтағы мен жамбасына екі рет ота жасалған Сандуғаш қазір Орал қалалық көпбейінді ауруханасында ем алуды жалғастыруда. Оның жамбасына әлі де оталар жасалуы мүмкін.

Ал С.Наурызов ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда адам өліміне соқтырған жол ережесін бұзу) айыпталып отыр.