ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда көпір үстінде автокөлік жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 22 қараша күні сағат 17.32-де 3-саяжай ауданында болды.
Көпір үстінде 51 жастағы азаматқа тиесілі «Ниссан Премьера» автокөлігі отқа оранды.
Зардап шеккендер жоқ.
«Тілсіз жау» №2 өрт сөндіру бөлімшесінің күшімен (6 адам, 1 техника) сағат 17.50-де оқшауланып, 18.00-де ауыздықталды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.
Департамент мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері облыс бойынша 91 автокөлік өртенді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі автокөліктің жүріп келе жатып жанғанын, одан 51 жастағы жүргізуші мен 36 жастағы жолаушының шығып үлгергенін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктен түк қалмай жанып кеткенін, тоғыз қабатты үйдегі өрттен 30 адамның эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).