Оралда көпқабатты үй тұрғындары төбеден су кететінін айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Абай даңғылы102-мекенжайында орналасқан көпқабатты үйдің төбесінен нөсер жауыннан кейін су кеткендігі жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.

Фото: zhaloby_uralsk__official

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл жолы бұрынғы жатақхананың төбесінен кеткен су бірінші қабатқа дейін жеткен.

— Су бөлмелерге кіріп жатыр. Жаңбыр жауған сайын осындай жағдайға тап боламыз. Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өтініш жазғанбыз. Күтіңіздер дейді, көп уақыт өтті, пайда жоқ, — дейді тұрғындар.

Осыған орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді. 

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары бұған дейін бірнеше рет барып, тұрғындармен жиналыс өткізген. 

— Өз меншіктері болған соң тұрғындар қаржы жинап, жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Немесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына қатысуына болады. Бұл бағдарлама облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Жаңғырту арқылы шатырды түгелдей ауыстыруға болады. Таяуда аталған бөлім мамандары тұрғындарды қайтадан жинап, үйді жөндеудің тетіктерін түсіндіреді, — делінген ресми мәліметте.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жөндеуге жабылған көпірдің қашан ашылатыны белгілі болғанын жазған едік.