Оралда көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен 11 жастағы бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 9 желтоқсан күні Д.Қонаев шағынауданы 52/2-үйде болған.
«Жедел жәрдем сағат 23.38-де шақырылды. Қалалық көпбейінді ауруханада жатқан баланың жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде есін жимаған жасөспірім жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деп хабарлады ведомстводан.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, баланың қай қабаттан құлағаны белгісіз. Ата-анасы қасында болмаған.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, 2012 жылғы бала 9-қабаттың балконынан секіріп кетіп, аулада тұрған автокөліктің үстіне түскен.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігіне (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тоғыз жастағы баланы шешіндіру оқиғасына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).