ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бес қабатты тұрғын үйде өрт шығып, 30 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 қыркүйек күні сағат 19.17-де Дәулеткерей көшесі 31-үйде орын алды.
Осы үйдің бесінші қабатындағы 12-пәтерде жеке заттар жанды. Өрт аумағы 25 шаршы метрді қамтыды.
«Тілсіз жау» сағат 19.36-да оқшауланып, 19.50-де ауыздықталды.
Оқиға орнынан 30 адам шығарылса, соның бесеуі – балалар. Зардап шеккен бір адам жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің қосымша нақтылауынша, 47 жастағы ер адам оң жамбасы мен білегінен күйік жарақатын алған. Ол мас күйінде болған. 43 жастағы ер адам жеңіл дәрежеде газдан уланған. Екеуі де қалалық көпбейінді аурухананың хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда із-түзсіз жоғалып кеткен ер адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).