ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында көпқабатты үйде өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 27 наурыз күні сағат 23.28-де Л.Мирзоян көшесі 2/1-мекенжайында көпқабатты үйде өрт шыққаны жөнінде хабар түсті.
Оқиғаны барлау барысында 5-қабаттағы 89-пәтерде жеке заттар мен жиһаздың жанып жатқаны анықталды.
Үйден барлығы 25 адам шығарылса, соның төртеуі – балалар.
Зардап шеккендер жоқ.
«Тілсіз жау» сағат 00.15-те ауыздықталды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бірнеше үйге су кіру қаупі төнгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).