ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда көпқабатты үйдегі өрттен 14 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 15 қаңтар күні шамамен сағат 04.10-да Ю.Гагарин көшесі 46/1-мекенжайында болды.
Төрт қабатты үйдің үшінші қабатында орналасқан №22 пәтерде жиһаздар, жеке заттар және тұрмыстық техника отқа оранды. Өрт аумағы 15 шаршы метрді қамтыды.
Өрт сөндірушілердің жедел қимылдауы нәтижесінде оқиға орнынан 14 адам қауіпсіз жерге шығарылса, соның үшеуі – бала.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 12 адам, 5 техника жұмылдырылып, өрт 05.10-да толықтай сөндірілді.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде. Департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Сағдат Әнестің айтуынша, жыл басынан бері облыста 19 өрт тіркелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қатты желдің аудандық аурухананың шатырын жұлып түсіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).