Оралда корей этномәдени бірлестігінің қолдауымен Айзере дүниеге келді

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда корей этномәдени бірлестігінің қолдауымен Айзере есімді сәби дүниеге келді.

«Қоғамдық келісім» МКК баспасөз хатшысы Толқын Нұрғуатованың хабарлағанындай, бұл - Бөрлі ауданында тұратын ерлі-зайыпты Қарабаевтардың тұңғышы. Айзеренің әкесі Бисенғали Қарабаевтың айтуынша, олар сәбиді тоғыз жыл бойы күткен. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының корей этномәдени бірлестігі мен Сеулдегі (Оңтүстік Корея) «Чейль» медицина клиникасының ынтымақтастығы негізінде аталмыш отбасы осындай бақытқа қол жеткізіп отыр.

Бұдан бір жыл бұрын Оралға БҚО корей этномәдени бірлестігінің шақыруымен белсіздіктен емдейтін «Чейль» клиникасының вице-президенті Тхе Генг Ким келіп, өңірмен танысқан болатын. «Чейль» (Cheil General Hospital&Womens Healthcare Center) клиникасы Оңтүстік Кореядағы әйелдер медицинасының мамандандырылған орталығы болып табылады. 32 клиника мен 16 мамандандырылған бөлімшені біріктіретін ірі гинекологиялық кешенде жыл сайын түрлі елдерден 300 мыңнан астам әйелдер белсіздіктен, қатерлі ісік және жүктілік кезіндегі аурулардан емделеді.  Сол сапар барысында этномәдени бірлестік пен клиника арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған еді. Айзеренің дүниеге келуі - соның жемісі. Оның анасын емдеуге арнайы квота бөлініп, барлық шығынын оңтүстіккореялықтар көтеріп алды. 

Осындай «тарихы» бар нәрестені кеше анасымен бірге облыстық перинаталдық орталықтан үйге шығарды.

Айзеренің кіндік атасы атанған облыстық мәслихат депутаты, БҚО корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Максим Пактың сөзіне қарағанда, осындай көмек көрсетілген бұл бірінші отбасы емес. Тағы бір жұбайлар сәби күтуде. Үшінші жұп таяуда Сеулге диагнозын анықтап, емделу үшін аттанбақ. «Бұл - Қазақ еліне деген корей халқының алғысы. Корейлер өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанға жер аударылып келгенде, қазақ халқынан көрген жақсылығын еш уақытта ұмытпайды. Бұл Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына толық сай келеді», деді М.Пак.

Еске сала кетейік, 2014 жылы корей этномәдени бірлестігі корейлердің Қазақстанға қоныс тепкенінің 75 жылдығына орай Орал қаласында «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнатқан болатын. Жалпы, БҚО корей этномәдени бірлестігі қайырымдылық шараларға ұдайы көңіл бөледі. М.Пактың өзі де - өңірге танымал меценаттардың бірі.