ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда коронавирус жұқтырған адам тіркелді деген жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, WhatsАpp желісінде тараған аудиожазбада қалаға қарасты Желаев кентінің тұрғынынан коронавирус анықталып, ауруханаға түскендігі айтылған.
Бұл – жалған ақпарат. Қазіргі таңда коронавирусқа қолайсыз елдерден келген 19 адам тұрақты бақылануда.
Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты, коронавирус жұқтырғандар жоқ.
«Азаматтарға тек ресми мәліметке сену керектігін, ал жалған ақпарат таратқандардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 148 адамның медициналық бақылауға алынғанын және төтенше жағдай талабын бұзған 8 мейрамхана иесінің қамауға алынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).