ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында коронавирустан емдейтін 200 төсектік модульдік стационар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, осыған дейін онда жатқан жалғыз науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Оның жағдайы әлі де ауыр.
«Модульдік стационар жабылғанымен, дәрігерлер керек болған жағдайда жұмысқа кірісуге дайын. Қытайда індет қайта өршіп жатқандықтан, коронавирустың таралу қаупі сақталып отыр», деп хабарлады ведомстводан.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, вакцинация басталғаннан бері облыста 276 013 адам бірінші компонентті салдырды. Бұл – егілуге тиісті тұрғындардың 67 пайызы. Сондай-ақ 267 525-і (65 пайызы) екінші компонентпен де егілді.
Өңірде 79 202 адам ревакцинациядан өтті. Pfizer компаниясының вакцинасын 11 468 адам алса, соның 428-і – жүкті, 5080-і – бала емізетін әйелдер, 5944-і – жасөспірімдер, 16-сы – мүгедектер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 91 сәбидің ата-анасы екпеден бас тартқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).