ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең №7 және №5 бағыттарда жүретін қос автобустың соқтығысуы салдарынан жарақат алғандар саны 58-ге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген 17 адамның біреуі жатқызылған. Қалалық көпбейінді ауруханаға 41 адам түссе, соның бесеуі жатқызылған.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, №7 автобустың 1993 жылғы жүргізушісі алдындағы көліктерді басып озамын дегенде, соғылып қалған. Ол жерде жылдамдықты арттыруға болмайтыны жөнінде белгі де тұр.
Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бүгін шамамен сағат 08.40-та Шаған өзенінен өтетін көпірге таман, Зачаган кенті жақтан келе жатқан №7 және №5 бағыттарда жүретін қос автобус соқтығысқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).