ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда қос автокөлік соқтығысып, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиғаға куә болған адамдардың сөзіне қарағанда, Жәңгір хан көшесі бойында, қаладан Зачаган кентіне барар жолдағы Шаған өзенінен өтетін көпір маңында «Лада Приора» және «ВАЗ-2114» автокөліктері соқтығысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем сағат 17.10-да шақырылды. Жедел жәрдем бригадасы бес минуттан кейін жеткен.
Алдын ала дерек бойынша 1984 жылғы ер адамның екі қабырғасы сынған. 1986 жылғы ер адамға алдын ала жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылып отыр. Олардың екеуі де облыстық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).