ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда қос автокөлік соқтығысып, жүргізуші әйел мен бала ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 07.25 шамасында Әбілқайыр хан мен Гастелло көшесінің қиылысында орын алды.
«KIA» автокөлігінің жүргізушісі жол бермей, «Toyota Camry» автокөлігімен соқтығысқан.
Соның салдарынан «KIA» автокөлігінің жүргізушісі, 1985 жылғы әйел мен сонда отырған 7 жастағы бала жарақат алды.
Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметіне қарағанда, зардап шеккендердің екеуі де жабық бас-ми жарақатын алған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды.
Куәгерлердің айтуынша, жол апаты салдарынан «Toyota Camry» көлігі төңкеріліп қалды. Осы маңда жол кептелісі де болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).