ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының 22 маусым күнгі үкімімен Эльвира Абдуллаева ҚР ҚК 322-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оның үш жылға бас бостандығы шектелді.
Сонымен қатар косметолог үш жылға медициналық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, Э.Абдуллаева дермотокосметология саласында қызмет көрсетуге сертификаты мен лицензиясы болмаса да, жәбірленуші Айжан Жақанованың бетіне ота жасаған. Соның салдарынан биылғы 28 наурыз күні Орал қаласындағы «Звезда Востока» сұлулық салонында А.Жақанова көз жұмды.
Сот үкім шығарған кезде аталған қылмыстың бірінші рет жасалғанын, қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік шығын мен моральдық залалдың толықтай өтелгенін, сотталушының өз кінәсін мойындап, өкінгенін, асырауында кәмелетке толмаған екі баласы бар екендігін ескерді.
Сот залынан босатылған Э.Абдуллаева Алматы қаласы Медеу ауданындағы мекенжайда күйеуі Э.Долматовпен бірге тұрады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).