Оралда қоспәтерлі тұрғын үй өртеніп, 10 жасар бала газдан уланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қоспәтерлі тұрғын үй өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше сағат 13.51-де Зачаган кенті «Сарытау» шағынауданында орын алды. Күлтегін көшесі, 42 мекенжайында орналасқан қоспәтерлі үйдің төбесі мен жақтаулары отқа оранды.

Өрт аумағы 240 шаршы метрді қамтыды. Үш бірдей өрт сөндіру бөлімінен 12 адам, 3 техника «тілсіз жауды» ауыздықтауға жұмылдырылды. Өрт орнынан орта дәрежелі газбен уланған деген диагноз қойылған 2009 жылғы бала ауруханаға жатқызылды.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, өрт салдарынан қос бірдей отбасы далада қалған. Оның бірінің бес кішкентай баласы бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қос бірдей жол-көлік оқиғасынан екі адам зардап шеккен болатын.