Оралда ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ХІІІ көшпелі отырысы өтеді

None
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - 6-7 желтоқсанда Орал қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің XIII көшпелі отырысы өтеді. Бұл туралы Кеңес хатшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараның арқауы жастардың бірден бір өзекті мәселесі - жеке баспана сатып алу мүмкіндігін талқылау болады. Осы мәселені талқылау аясында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің жауапты хатшысы Салауат Дембайдың сөз сөйлеуі жоспарлануда. Баяндамада жас отбасылар мен жас мамандар үшін баспаналы болудың тетіктері ұсынылады.

Сонымен қатар, өңірлік кұн тәртібін есепке ала отырып, жастар саясатына жетекшілік ететін Батыс Қазақстанның әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалады.

Көшпелі отырыс аясында әкімдердің орынбасарларына және қалалар мен аудандардағы Жастар ісі жөніндегі кеңестердің хатшыларына оқыту семинар-тренингтері, сондай-ақ өңірлердің жастарымен кездесулер өткізу секілді жақсы дәстүр қалыптасты. Осы жолы Кеңестің мұшелері Батыс Қазақстан облысының ауылдық, жұмысшы және шығармашыл жастарының өкілдерімен кездеседі.

Бүгінгі таңда Кеңес жастар проблемаларының мәселелерін және оларды шешудің жолдарын талқылау үшін негізгі сындарлы алаң болып табылатынын атап өту керек. Қазақстанның қазіргі заманғы жастар саясатының трендін қалыптастыру, сонымен қатар аталған бағытта Елбасы Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларын бақылау саласында Кеңестің рөлін күшейту күтіледі.  

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 1 шілдедегі № 625 Жарлығына сәйкес консультативті-кеңесші орган ретінде құрылған. Оның құрамына 29 мүше кіреді - олар мемлекеттік органдардың, республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының өкілдері, ғылымдағы, шығармашыл және талантты жастардың өкілдері.