Оралда ҚР Президентінің жүлдесі үшін самбодан әлем кубогінің кезеңі өткізілді
Алдымен 27 қаңтар күні қазақ драма театрында Азия самбо федерациясының (АСФ) конгресі өтті. Басқосуға Қазақстан, Оңтүстік Корея, Ресей, Жапония, Монғолия, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан ұлттық самбо федерацияларының өкілдері қатысты. Жиында аталған елдердің самбо федерацияларының президенттері АСФ басшылығының соңғы кездегі жұмысына қанағаттанбайтындарын жеткізді. Сондықтан АСФ президенті Фазлиддин Пулатовтың өкілеттілігі аяқталатыны жарияланып, күн тәртібіне аталмыш федерацияның жаңа президент пен мүшелерін сайлау, дүбірлі доданың өткізілу кестесін бекіту қойылды. Сөз алғандар АСФ президенттігіне ҚР самбо федерациясының президенті Мүсілім Оңдағановты ұсынды. АФС мүшелері - федерациялардың президенттері М.Оңдағанов кандидатурасын бір ауыздан қолдады. Сондай-ақ АФС атқарушы комитетінің бас хатшысы болып Махмуд Абдуллоев (Тәжікстан), вице-президентері болып Олег Аврамкин (Қазақстан), Мун Чжон Гым (Оңтүстік Корея), Манабу Иянаги (Жапония), Нұрлан Токоноев (Қырғызстан), Мюнх-Очир Энебиш (Моңғолия) сайланды.
Әлемнің АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Сингапур, Непал, Мали, Ресей, Болгария, Беларусь, Әзірбайжан, Армения, Молдова, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан сықылды елдерінің және Отанымыздың палуандары екі күн бойы Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында белдесті.
Бірінші күн қорытындысы бойынша 15 қазақстандық самбошы жүлдегер атанды.
-Алдымен қазақстандық, сосын ресейлік палуандармен белдестім. Финалда дайындығы жақсы қарсылас тап болды. Соңғы белдесу қиындау өтті. Спортта жүргеніме он бес жылдай болды. Былтыр Беларусь елінде әскери самбодан әлем чемпионы болған едім. Жыл өткен сайын бұл спорт түрінен мықтылар шыға бастады. Болашақта олимпиадалық спорт түріне айналарына сенемін,- деді әлем кубогі кезеңінің екі мәрте жеңімпазы, астаналық Алмаз Сүлейменов.
Алтын медаль иегерінің үшеуі Алмагүл Орынғалиева (56 кг), Айдана Елеусінова (64 кг) және Алтынбек Сұпығалиев (62 кг) - батысқазақстандықтар.
-Қазақстандық, тәжікстандық спортшымен, финалда ресейлік палуанмен кездестім. Самбомен үш-төрт жылдан бері айналысып жүрмін, оған дейін дзюдомен шұғылданғам. Жарыстың туған жерімде өткені үлкен жауапкершілік жүктеді. Жанкүйерлердің арасында жаттықтырушыларым, шәкірттерім, тума-туыс, достарым да қарап отыр. Маған жанкүйер болғандарға алғыс айтамын, - дейді самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Алмагүл Орынғалиева. «Самбодан үлкен жарысқа бірінші рет қатысуым. Спортпен он екі жылдан айналысып, дзюдодан спорт шебері дәрежесін қорғағам. Тәжік, орыс палуандарымен белдестім. Финалда ақтөбелік самбошымен белдестім. Бәрі де ойдағыдай болды,- деді алтын медальді мойнына таққан Теректі спорт мектебінің жаттықтырушысы Алтынбек Сұпығалиев.
-Дода жоғары дәрежеде өтті. Қазақстандықтар керемет қарсы алды. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Шәкіртім Мая Хыдырова жүлдегер болды. Қатты қуанудамыз, - деді Түркіменстан самбошыларының жаттықтырушысы Омар Мұхаммед Назаров.
-Қазақстанның барша спортшылары атынан Елбасымызға алғыс айтқым келеді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының елдің спорт саласына оң көзімен қарауы өз нәтижесін беріп келеді, мұны соңғы кездегі жетістіктерімізден, әлем көз тіккен олимпиададағы жеңістерімізден де байқауға болады, - дейді АСФ президенті, ҚР самбо федерациясының президенті, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов.