Оралда кішкентай қыз екінші қабаттан құлап кетті

Фото: Фото: ТЖМ

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында екінші қабаттан құлап кеткен кішкентай қыз ауруханаға жатқызылды.

БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға бүгін қаладағы бес қабатты үйлердің бірінде болды.

«Ересектердің қарауынсыз қалған алдағы айда екі жасқа толатын қыз бала екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Қазір ол ауруханада жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. БҚО ТЖ департаменті кішкентай балаларды бақылаусыз қалдырмау керектігін еске салады», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 103 операторына шақырту У.Громов көшесі бойындағы көпқабатты үйден түскен.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы 2022 жылғы қызды облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізді. Қазіргі уақытта оның жағдайы орташа ауыр. 

Нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылған қыз қажетті емін алуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 9 баланың терезеден құлап кеткенін жазған болатынбыз.

Соның 8-і Орал қаласында, біреуі Сырым ауданында тіркелген еді.