ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында Зачаган кентіндегі Қ.Жұмалиев көшесінде диаметрі 160 мм су құбырындағы апатқа байланысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Батыс су арнасы» ЖШС-дан мәлім еткеніндей, осыған байланысты Қ.Жұмалиев, Е.Брусиловский, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов көшелері, Ә.Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейі және «Сарытау» шағынауданы салқын судан ажыратылды.
Сондай-ақ қаланың орталық бөлігінде Ярославская көшесі 12-мекенжайында апат болды.
Соған орай Абай даңғылы 105, 107, 111, 113, 115, 117, 117/1, Ярославская көшесі 6, 8, 10, 12, А.Щурихин көшесі 5-мекенжайларында салқын су болмайды.
- Апатты қалпына келтіру жұмыстары бүгін сағат 12.00-ден басталды, - деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындар Ярославская көшесінде осымен су құбырында бірнеше рет апат болып, жөндеу жұмыстарының екінші аптаға жалғасып жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жылу құбырының жөнделуіне байланысты 11 мекеме ыстық судан ажыратылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).