ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда құбыр жарылып, 13 көпқабатты үй сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 14.10-да Құрманғазы көшесі 179-мекенжайы маңында болды.
Диаметрі 300 мм салқын су құбыры жарылды. Соның салдарынан 343 абонент (13 көпқабатты және 10 жеке тұрғын үй), теміржол вокзалы сусыз қалды.
Су тасымалы ұйымдастырылды. «Батыс су арнасы» ЖШС (7 қызметкер, 2 техника) қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда.
Кеше Солтүстік-шығыс және 4-шағынаудандар арасында да осындай апат болып, 1128 абонент сусыз қалған болатын. «Батыс су арнасы» ЖШС баспасөз қызметі қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, 4-шағынауданға су берілгенін хабарлады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбыр жарылып, 350-ге жуық абоненттің сусыз қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).