АСТАНА. ҚазАқпарат -Орал қаласында 1 сәуір - Күлкі күніне орай полицейлермен әзілдемек болған әйел алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін сағат 09.01 шамасында 1987 жылғы азаматша "102" нөміріне қоңырау шалған.
БҚО жедел штабынан түскен мәліметке қарағанда, ол өз күйеуінің пойызда кепіл ретінде ұсталып отырғанын хабарлаған. Ал біраз уақыттан кейін мұның бәрі қалжың екендігін айтқан. Құқық қорғау органдары А. есімді азаматшамен қалжыңдасуды жөн көрмей, оның үстінен ҚР ҚК 273-бабына сәйкес (лаңкестік актісі жөнінде көрінеу жалған хабарлау) қылмыстық іс қозғады. Бұл бап бойынша алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Аталған дерек бойынша тергеу амалдары басталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).