Оралда құрбандық мал шалынатын орындар бақылауда болмақ
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында құрбандық мал шалынатын үш орын белгіленді. Бұл туралы қала әкімдігінде Құрбан айт мерекесін ұйымдастыру және өткізу жөнінде өткізілген жиында айтылды.
Облыс орталығында «Кублей» ЖШС, «БҚО тұрақтандыру қоры» ЖШС («Ел ырысы») және «Батыс адал ет» ЖШС-да мал құрбандыққа шалынатын болады. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2024.kz сайтын іске қосты.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев мерекені ұйымдастыру және өткізуге қатысты бірқатар тапсырма берді. Құзырлы мекемелерге құрбанға шалынатын малдардың ветеринарлық тексерістен өтуін, құжаттарының дұрыс болуын қадағалау, құрбандық шалынатын орындарда санитарлық талаптардың орындалуын қадағалау жүктелді. Сонымен қатар белгіленген орындардың абаттандырылуы, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуы қатаң бақылауда болуы қажет.