ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда салынып жатқан құрылыс нысанында табылған сәбидің жағдайы қалыпты. Бұл туралы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Александр Гехман мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, қазір балалар ауруханасында жатқан ер баланың дүниеге келгеніне шамамен екі аптадай уақыт болған. Толық тексеруден өткізіліп, күтім жасалуда. Баланың ата-анасы әзірге табылған жоқ.
Еске сала кетейік, 26 маусым күні кешкісін 4-шағынаудандағы № 24 орта мектеп ғимараты жанында салынып жатқан коттеджден сәби табылған болатын. Содан бері оны тастап кеткен адамды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).