ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының қаулысымен травматикалық тапаншадан күзет қызметкерлеріне оқ атқан 34 жасар тұрғын екі айға қамауға алынды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кафеде таныстарымен болған айыпталушы шақыру бойынша келген күзет қызметкерлеріне балағат сөз айтқан. Онымен қоймай, әуелі күзет қызметкерлеріне қол жұмсаған, содан кейін олардың біреуінің травматикалық тапаншасын жұлып алып, алты рет көздеп оқ атқан. Соның салдарынан қос бірдей күзет қызметкері түрлі жарақат алған.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 257-бабы 3-бөлімі бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).