ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін таңғы сағат 05.13-те орталық базар маңындағы «Қымызхана» кафесінің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен.
БҚО төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің аға инженері Айымжан Лұқпанованың айтуынша, өрт сөндірушілер келгенде, кафенің төбесі мен ішкі жабыны лаулап жанып жатқан. Қаладағы үш бірдей өрт сөндіру бөлімінен алты арнайы техника, 23 адамның қатысуымен «тілсіз жау» 06.30-да құрықталды. Тез іс-қимыл нәтижесінде «Қымызхананың» айналасындағы үйлер аман қалды. Жалпы аумағы 180 шаршы метрді қамтыған өрттен зардап шеккендер жоқ.
«Қымызхана» қалада шұбат пен қымыз сататын арнайы орын болатын. Қазіргі кезде өрттің себеп-салдары, келген шығын анықталуда.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).