ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Коровинді еске алуға арналған қысқы президенттік көпсайыстан ҚР чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, біріншілікке қатысушылар пневматикалық винтовкадан нысана көздеу, күштік гимнастика және шаңғы жарысынан сынға түсті.
Чемпионат қорытындысында БҚО құрамасы жеңімпаз атанса, қарағандылықтар екінші, қостанайлықтар үшінші орынды иеленді.
«Александр Коровин өмір бойы облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек етіп, қысқы президенттік көпсайыстан балаларды жаттықтырды. Бұл жолы біріншілікке БҚО, Қарағанды, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан барлығы 45 спортшы қатысты. Жылдың басында қаржыландыру болмағаннан кейін кейбір облыстардың командалары келе алмады. Енді 1-5 ақпан аралығында қысқы президенттік көпсайыстан облыстық біріншілік өтіп, таңдаулылар анықталады. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында мұндай жарыстар алдағы уақытта да ұйымдастырылмақ», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне қысқы президенттік көпсайыстан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрбек Иманғалиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).