Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, сонымен бірге спорттың осы түрінен ҚР ІІІ қысқы жастар ойындары да өткізілді.
Қысқы президенттік көпсайыстан балалар-жасөспірімдер спорт мектептері және жоғары спорт шеберлігі мектептері арасындағы ел біріншілігіне он команда қатысты. Жастар ойындарына да он команда келді. Барлығы 143 спортшы бақ сынады.
Үш күндік сайыстың қорытындысы бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектептері арасында Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі алдына жан салмады. Қостанайлықтар екінші, қарағандылықтар үшінші орынға ие болды.
Жоғары спорт шеберлігі мектептері арасында солтүстікқазақстандықтар үздік атанса, қостанайлықтар екінші орыннан көрінді.
БҚО құрамасынан 12-13 жастағылар арасында Алтынғали Төлепберген үздік үштікті түйіндесе, 18-20 жас арасында Ләззат Төлепбергенова спорт шебері атағының талаптарын орындады.
Президенттік көпсайыстан қысқы жастар ойындарында командалық есепте солтүстікқазақстандықтар топ жарды. Қостанайлықтар екінші, шығысқазақстандықтар үшінші орынға көтерілді. БҚО құрамасы төртінші орынға табан тіреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қысқы президенттік көпсайыстан ел чемпионаты өткен болатын.