Оралда мал терісін өңдейтін зауыт салынуда

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі «Пош Руно» ЖШС салып жатқан, ірі қара және ұсақ мал терісін өңдейтін зауыт құрылысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазіргі кезде едәуір жұмысы бітіп қалған зауытта испандық және итальяндық құрал-жабдықтар орнатылуда. Күні бүгін құрылысқа 40 жергілікті тұрғын тартылса, жоба іске қосылған кезде 84 жұмыс орны ашылмақ. Зауыт толық қуатына көшкен уақытта жылына 182 мың ірі қара, 624 мың ұсақ малдың терісін өңдейтін болады.

«Мал шаруашылығы жақсы дамыған Батыс Қазақстан үшін бұл - бірегей жоба. Енді шаруалар мен ауыл тұрғындарына тері өткізіп, қосымша табыс табатын орын да пайдалануға берілмек», деді Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, өңірде жүн, тері өңдейтін кәсіпорын болмағандықтан, тұрғындар оны көбінесе далаға тастап келген еді.