АСТАНА. ҚазАқпарат - Оралда маньяктың пайда болғаны жөнінде мессенджерлер арқылы аудиожазба таралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 12 қаңтар күні шамамен сағат 09.00-де белгісіз біреу Вагонный тупик көшесі 1-үйде орналасқан "Урал Снаб" ЖШС ғимараты жанында 1979 жылғы Б. деген әйелді күш көрсетемін деп қорқытқан.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 115-бабына сәйкес (қорқыту) тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі кезде аталған күдіктіні анықтау және ұстау бағытында жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
Облыс аумағында басқа мұндай оқиға тіркелген жоқ.
"Маньяктың пайда болғаны жөнінде мессенджерлер арқылы таралып жатқан аудиожазба жалған" деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, БҚО Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сай, көрінеу жалған ақпарат таратқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).