Оралда «Мәншүк» драмасының премьерасы болды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың шығармасы бойынша «Мәншүк» драмасының премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың жастай жалын кешкен, қамшының сабындай қысқа ғұмырына арналған спектакльді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров пен Әлия Баймахан сахналаса, суретшілері - мәдениет саласының үздігі Қайыр Оразғалиев пен Мұрат Мәмбетов. Қойылымның барынша сәтті шығуына сондай-ақ хореограф Қарлығаш Қадырбекова және басқа театр мамандары атсалысты.



Тарихи деректерге негізделген туындыда Мәншүктің ролінде Айжан Қайырова мен Әйгерім Сағаденова ойнайды. Олардың бірі батыр қыздың бейбіт күндегі ой-арманын, көкейіндегі мұңын жеткізуге тырысса, екіншісі соғыс көріп, қатайған, жаудан кек алмай, қайтпауға бекінген Мәншүктің бейнесін сахнаға шығарды. Сондай-ақ Мәншүктің аналары ролінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлжиян Шынтемір, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Әсел Мәмбетова, әкелері ретінде Айдар Жарылғапов пен Талиғат Жігеров көрінді. Ал Мәншүкті ұнатып қалып, сезімін білдірген жауынгер Нұркеннің ролін Жылқыбай Жұбатов сомдады.



Премьераға арнайы келген туынды авторы Сәбит Досанов шығарманы қойғаны үшін Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымына ризашылығын білдірді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бұл спектакльдің Жеңіс күніне орай арнайы қойылғанын, бүгінгі жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде мұндай туындылардың мән-маңызы зор екендігін жеткізді. Қазақтың батыр қызы жерленген Невель қаласында биылғы Жеңіс мейрамына БҚО-дан арнайы делегация қатысса, алдағы жазда Астананың 20 жылдығына орай елордада Мәншүктің еңселі ескерткіші орнатылмақшы. Енді бұған ерлікті дәріптейтін жаңа қойылым қосылып отыр.



Спектакльді қойған режиссерлердің бірі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров батысқазақстандық театрды биыл күзде Алматыға гастрольдік сапармен келіп-кетуге шақырды.

Айта кетейік, 8-13 мамыр күндері Оралда М.Әуезов атындағы театрдың гастролі өтеді.