ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда мас күйінде суға түскен әйел батып кете жаздады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 3 маусым күні кешкісін «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ маңында болды.
Сағат 19.00-де Жайық өзенінде судағы қауіпсіздік бойынша рейдтік шаралар кезінде куәгер Виталий Сипливый мен БҚО ТЖ департаментінің қызметкерлері 1981 жылғы әйелді құтқарып қалды. Ол мас күйінде суға түсуге жабдықталмаған жерде шомылып, батып кете жаздаған. Әйелге алғашқы көмек көрсетілді.
Бүгін БҚО ТЖ департаменті ғимаратында адам өмірін құтқарудағы батылдығы мен қайсарлығы үшін В.Сипливый марапатталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тағы бір жасөспірімнің суға кеткенін, Оралда нөсер жаңбырдан кейін 7 тұрғын үйге су кіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).